Академияда трансұлттық есірткі қылмыстылығына қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

2026 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Есірткі қылмыстылығы саласындағы трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл: ұлттық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шара барысында трансұлттық есірткі қылмыстылығының қазіргі заманғы қауіп-қатерлері және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.

Семинар жұмысына қашықтан қатысу форматында Қазақстанның аумақтық прокуратураларының прокурорлары, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорлары үйлестіру кеңесіне мүше мемлекеттердің Бас прокуратураларының, Түркі мемлекеттері ұйымының, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өкілдері қосылды.

Қатысушылар есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл тәжірибесімен алмасып, жаңа синтетикалық есірткілердің таралуы, прекурсорларды бақылау, интернет арқылы байланыссыз есірткі өткізу, криптовалюталарды және есірткі бизнесіндегі дропперлік схемаларды пайдалану мәселелерін талқылады.

Ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, жедел-іздестіру қызметінің заңдылығына прокурорлық қадағалау жүргізу, трансұлттық есірткі қылмыстылығы туралы қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер жинау және сотта мемлекеттік айыптауды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, ақпарат алмасудың, есірткі қылмыстарын тергеп-тексеру тәсілдерін жетілдірудің, электрондық дәлелдемелермен және цифрлық активтермен жұмыс істеудің, сондай-ақ заңнаманы дамыту мен есірткінің заңсыз айналымының алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz