Академия Еуропаның жетекші құқықтық институттарының тәжірибесін зерделеді

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының делегациясы Рим қаласына сапар барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап қана қоймай, сот төрелігін жүзеге асыру және заңгер кадрларды даярлау саласындағы еуропалық тәжірибемен танысты.

Делегация Италияның Жоғары сот төрелігі мектебіне, Еуропалық прокуратураға және Италияның Жоғарғы кассациялық сотына барды. Кездесулердің негізгі мақсаты заңгер кадрларды даярлау, сот төрелігін ұйымдастыру және қылмыстық сот ісін жүргізуде цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін зерделеу болды.

Италиядағы кадр даярлау жүйесімен танысу Жоғары сот төрелігі мектебінен басталды. Академия өкілдері болашақ судьялар мен прокурорларды оқыту жүйесін, білім беру бағдарламаларын және біліктілікті арттыру тәжірибесін зерделеді. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандум жасасу перспективаларын және Академия докторанттарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.

Бұдан кейін делегация Еуропалық прокуратураға барып, Еуропалық Одақтың (ЕО) қаржылық мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстарды тергеп-тексеру, активтерді анықтау және қайтару, сондай-ақ еуропалық өкілетті прокурорлардың ұлттық құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен танысты.

Италияның Жоғарғы кассациялық сотында делегацияға жоғары сот сатысының сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етудегі рөлі таныстырылды. Сот төрелігін цифрландыруға және қылмыстық процесте электрондық құралдарды қолдануға ерекше назар аударылды. Бұл тәжірибе қылмыстық сот ісін жүргізудің электрондық форматы дамып келе жатқан Қазақстан үшін де практикалық тұрғыдан маңызды.

Сапар қорытындысы бойынша италиялық және еуропалық әріптестер Академия докторанттарын 2027 жылы Римде өткізу жоспарланған ғылыми тағылымдама аясында қабылдауға дайын екендерін білдірді. Зерделенген тәжірибе мен орнатылған кәсіби байланыстар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалайды.