Конференцияның екінші күні «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жаңа практикалық мазмұнмен толықты.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Еуропалық жария құқық ұйымының (EPLO) Өңірлік орталығының ашылу салтанаты өтті. Жаңа алаң жария құқық, заң білімі және ғылыми зерттеулер саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ өңірдегі сарапшылық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Салтанатты рәсім аясында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайтын үш келісімге қол қойылды. Олар Академия базасында EPLO Өңірлік орталығын құруды, Академия мен Еуропалық құқық және басқару университеті (ELGU) арасында Жасанды интеллект және цифрлық аналитика жөніндегі бірлескен халықаралық кафедра ашуды, сондай-ақ Академия мен ELGU арасында бірлескен халықаралық зерттеу орталығын құруды көздейді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тағы бір бағыты ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық академиясы арасында екіжақты келісімге қол қойылды.
Қол қойылған құжаттар жария құқық, цифрлық аналитика және жасанды интеллектіні қолдану салаларында бірлескен зерттеулер жүргізуді, білім беру бағдарламалары мен курстар әзірлеуді, тағылымдамалар ұйымдастыруды, сарапшылар мен ғылыми материалдар алмасуды көздейді.
Ынтымақтастықтың жаңа форматтары Академияның халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, шетелдік сарапшыларды тарту және озық білім беру тәжірибелерін енгізу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл қазақстандық заң білімі мен ғылымының халықаралық сарапшылық қоғамдастықпен ықпалдасуындағы маңызды қадам.




