Цифрлық дәлелдемелер және процеске қатысушылардың құқықтары: Академия Римдегі халықаралық конференцияға қатысты

2026 жылғы 4 қарашада Рим қаласында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров бастаған делегациясы «Цифрлық қылмыстық сот төрелігіндегі қорғану құқығы: технологиялар, дәлелдемелер және әділ сот талқылауының кепілдіктері» атты халықаралық конференцияға қатысты. Форум Еуропалық құқық және басқару университетінің (ELGU) кампусында өтті.

Конференцияны Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO) мен Италияның қылмыстық істер жөніндегі адвокаттар алқалары одағы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл одақ Италиядағы қылмыстық істер бойынша адвокаттардың ең ірі ұлттық бірлестігі болып табылады.

Конференцияға еуропалық адвокаттар, ғалымдар мен прокурорлар қатысты. Кәсіби пікірталастың негізгі тақырыбы цифрлық форматтағы дәлелдемелер басымдыққа ие болған жағдайда тергеп-тексеру тиімділігі мен қылмыстық процестің қатысушылары құқықтарының сақталуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселесі болды.

Сарапшылар шифрланған мессенджерлердегі хат алмасуларды дәлелдеме ретінде пайдалану, сот процестерін қашықтан өткізу, Еуропалық Одақтың e-Evidence регламенті шеңберінде электрондық дәлелдемелермен трансшекаралық алмасу, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен алынған деректердің анықтығына қойылатын талаптарды қарастырды.

Бұл мәселелер Қазақстан үшін де ерекше өзекті. Қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесі белсенді цифрландырылып жатқан жағдайда еуропалық тәжірибе Академияның ELGU-мен бірлесіп әзірлеп жатқан цифрлық криминалистика және киберқылмыстарды тергеп-тексеру жөніндегі білім беру бағдарламаларын дайындау кезінде пайдаланылатын болады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz