Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы өкілдерінің кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алу үшін жасанды интеллектіні қолдануға арналған ғылыми жұмысы Түркияда өткен International Conference on AI Across Disciplines (ICAAD 2026) халықаралық конференциясында таныстырылды.
Зерттеу авторлары – Академияның аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Мұхтар Садықов пен магистрант Шамиль Кусиев. Баяндама конференцияның Law & Policy (Құқық және саясат) бағыты аясында онлайн форматта ұсынылды.
Зерттеуде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану моделі ұсынылды. Ол анықталған қауіп-қатерлерді тексеруді, уәкілетті тұлғалардың әрекеттерін құжаттауды және қабылданатын шешімдерге құқықтық баға беруді көздейді.
Прокурорлық қадағалауға, кәмелетке толмағандардың дербес деректерін қорғауға және автоматтандырылған талдау кезінде жіберілуі мүмкін қателердің алдын алуға ерекше назар аударылды. Авторлар жасанды интеллект ықтимал қауіп-қатерлерді анықтауға көмектескенімен, құзыретті органдардың кәсіби бағасын алмастырмауға тиіс екенін атап өтті.
Зерттеу нәтижесінде ұсынылған тұжырымдар Қазақстанның заңнамасы мен қадағалау практикасын жетілдіруде қолданылуы мүмкін. Конференцияға қатысу Академияның ғылыми зерттеулерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді.


