Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес: активтерді тәркілеу және қайтарудың халықаралық тәжірибесі

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл: активтерді тәркілеу және қайтару» тақырыбындағы халықаралық семинар аяқталды.

Курстың ашылу рәсіміне Академияның бірінші проректоры Сәуле Сапарәлиева, Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметі басшысының орынбасары Мұрат Төлегенов және Қазақстан Республикасындағы IRZ өкілі Гүлнара Фахрудинова қатысты. Сарапшылар ретінде Германия Федеративтік Республикасының прокурорлары Вольф-Тильман Баумерт пен Маркус Менцель сөз сөйледі.

Екі күн бойы қатысушылар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тергеп-тексерудің халықаралық тәсілдерін, активтерді алып қою мен тәркілеудің құқықтық негіздерін, дәлелдеу мәселелерін және ведомствоаралық өзара іс-қимылды зерделеді.

Мүлікті іздестіру және қайтару кезінде көрсетілетін халықаралық құқықтық көмекке, оның ішінде әртүрлі мемлекеттердің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Халықаралық тәжірибені талқылау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында активтерді тәркілеу және қайтарудың негізгі құқықтық әрі ұйымдастырушылық мәселелерін айқындауға мүмкіндік берді.