Академияда виртуалды активтерге қатысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша курс өтті

Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен бірлесіп ұйымдастырылған «Блокчейн негіздері, виртуалды активтер және криптовалюта экожүйелері» атты төрт күндік оқу курсы аяқталды.

Оқытуға құқық қорғау және арнаулы органдардың 26 қызметкері қатысты.

Курс виртуалды активтерді пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді бағдарламаның он модулінің алғашқысы болды.

Бағдарлама аясында блокчейн технологиялары, криптовалюта платформаларының жұмыс істеу қағидаттары және транзакцияларды талдау әдістері қамтылды. Қатысушылар ашық блокчейндерді зерттеу құралдарын қолдануды да меңгерді.

Тренерлер ретінде Қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі жаһандық коалицияның халықаралық сарапшылары Гурбан Бабаев, Михал Громек және Косиел Карол қатысты.

Алынған білім мен практикалық дағдылар қатысушыларға кәсіби міндеттерді орындау кезінде блокчейнді талдау құралдарын қолдануға мүмкіндік береді.