Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы құқықтық тәртіп саласындағы үздік заң әдебиетіне арналған «Legal Order» халықаралық конкурсының қорытындысын шығарды.
Конкурс ғылыми зерттеулерді қолдауға, заң ғылымын дамытуға және ғылыми әзірлемелерді құқық қорғау практикасына енгізуге бағытталған. Жұмыстар ғылыми жаңалығы, өзектілігі және практикалық маңыздылығы бойынша бағаланды.
Конкурс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
«Үздік монография» номинациясы: 1-орын – Дмитрий Воронков пен Анна Сосновикова құқық қорғау қызметіндегі жасанды интеллект тақырыбындағы еңбегі үшін; 2-орын – Богдан Юматов Өзбекстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті зерттегені үшін; 3-орын – Руслан Хамидуллин сотқа дейінгі ынтымақтастық туралы келісімді криминалистикалық қамтамасыз ету тақырыбындағы еңбегі үшін.
«Үздік оқулық» номинациясы: 1-орын – Олег Кожевниковтің редакциясымен жарық көрген «Прокурорлық қадағалау» оқулығы; 2-орын – Гүлнар Шаутаева мен авторлар ұжымының «Қылмыстық процесс (шетелдік тыңдаушыларға арналған)» оқулығы; 3-орын – Бронислав Гонгалоның редакциясымен жарық көрген «Азаматтық құқық» оқулығы.
«Үздік оқу құралы» номинациясы: 1-орын – Ержан Егембердиев пен Руслан Сұлтановтың «Татуластыру рәсімдері» атты еңбегі; 2-орын – Олег Русецкий, Александр Худяков және Елена Коротичтің прокуратура органдарының деструктивті ақпараттық ықпал ету жағдайындағы қызметі туралы еңбегі; 3-орын – Әлішер Есемұратовтың «Көші-қонды халықаралық-құқықтық реттеу» атты еңбегі.
«Үздік оқу-әдістемелік құрал» номинациясы: 1-орын – Мәншүк Иманбекованың «Азаматтық құқық» атты еңбегі; 2-орын – Ардақ Биебаева мен авторлар ұжымының «Заң пәндері бойынша кешенді кейстер» атты еңбегі; 3-орын – Бронислав Гонгалоның редакциясымен жарық көрген «Халықаралық жеке құқық: практикум» атты оқу-әдістемелік құралы.
«Үздік ғылыми-практикалық басылым» номинациясы: 1-орын – Оксана Здроктың «Азаматтық сот ісін жүргізудегі татуластыру рәсімдері. Таңдамалы еңбектер» атты еңбегі; 2-орын – Дамир Ережипалиевтің Ресей Федерациясындағы баланың құқықтарының негізгі кепілдіктері туралы Федералдық заңға арналған ғылыми-практикалық түсініктемесі; 3-орын – Александр Кондаковтың «Тергеу қызметін техникалық-криминалистикалық қамтамасыз ету: практикум» атты еңбегі.
Арнайы дипломдармен Евгения Новикова, Ахмед Басханов және Алмас Жұмағали марапатталды.
Конкурс Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь авторларының басын қосты. Ұсынылған еңбектер қылмыстық процесс, прокурорлық қадағалау, цифрлық технологиялар, көші-қон және заң ғылымы мен практикасының басқа да өзекті бағыттарын қамтиды.
Академия «Legal Order» конкурсына қатысушыларға заң ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.

