Транзакциядан дәлелдемеге дейін: Академияда цифрлық активтер бойынша курстың бірінші модулі аяқталды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен бірлесіп, тергеушілер, прокурорлар және жедел қызметкерлерге арналған «Құқық қорғау органдарының қызметіндегі блокчейн, цифрлық активтер және электрондық дәлелдемелер» тақырыбындағы үш модульді біліктілікті арттыру курсының бірінші кезеңін аяқтады.

Курстың ерекшелігі – блокчейнге техникалық талдау жүргізуді, операцияларға экономикалық баға беруді және процестік құжаттауды цифрлық іздермен жұмыс істеудің бірыңғай әдістемесіне біріктіру.

Бірінші модуль барысында қатысушылар криптовалюта транзакцияларын анықтау және тексеру, блокчейн мен криптовалюта биржаларының деректерін талдау, сондай-ақ оларды құқықтық бағалау және қылмыстық іс шеңберінде құжаттау тәсілдерін зерделеді.

Курсты өткізуге Академияның профессорлары мен оқытушылары және «Crypto Forensic Lab» ЖШС өкілдері қатысып, құқықтық және әдістемелік даярлықты криптовалюта операцияларын талдаудың практикалық тәжірибесімен ұштастырды.

Бірінші модуль қорытынды емтихан тапсырумен аяқталып, оқу бағдарламасын сәтті меңгерген қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Оқу биыл қазан және желтоқсан айларында өтетін екінші және үшінші модульдер аясында жалғасады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар цифрлық іздерді анықтау, тексеру және құжаттау, активтердің қозғалысын қадағалау, сондай-ақ қылмыстық процесте пайдалануға арналған тиісті материалдарды дайындау бойынша алған дағдыларын қолдана алады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz