Академияда құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты заманауи тәсілдер бойынша семинар-тренинг басталды

Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесін өңірлік деңгейде басқару: ведомствоаралық өзара іс-қимыл және үйлестіру» тақырыбында үш күндік семинар-тренинг басталды.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен өткізілуде.

Семинарға прокуратура, ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, білім беру саласының өкілдері және профилактика субъектілері, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар қатысуда.

Алдын алу мәселелеріне сараптамалық пікірді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, Елші Алексей Рогов, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили және Астана қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл орган Асима Бимендина ұсынды.

Үш күн бойы қатысушылар құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты өзекті мәселелерді, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін, тәуекелдерді ерте анықтаудың заманауи тәсілдерін, цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ халықаралық тәжірибені талқылайды.

Практикалық бағыттардың негізгісі ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы айқындалды. Бұл саладағы проблемалар көбіне отбасы, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік орта және басқа да факторлармен байланысты болады. Сондықтан оларды шешу мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.

Үш күндік жұмыстың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің бірлескен іс-қимылының нақты тетігін көздейтін ведомствоаралық жоба әзірленеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz