Академияның ректоры Нұрғалым Әбдіровтің Грекияға жұмыс сапары барысында Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU, Италия) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар магистранттар мен докторанттарды даярлау бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қос дипломды білім беру жүйесін іске асыруды, сондай-ақ басым бағыттар бойынша жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-зерттеу топтарын құру перспективаларын талқылады. Олардың қатарында киберқауіпсіздік, құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні қолдану және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бар.
Келіссөздердің практикалық нәтижелерінің бірі 2026–2027 оқу жылында Академияның 20 магистранты мен докторантының ELGU-да, оның Грекия мен Португалиядағы филиалдарын қоса алғанда, ғылыми тағылымдамадан өтуі жөнінде келісімге қол жеткізу болды.
Бұдан бөлек, сапар барысында Академия Central European Academy (Венгрия), Maastricht University (Нидерланд) және басқа да шетелдік ұйымдармен жаңа әріптестік байланыстар орнатты.
Қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау, озық халықаралық тәжірибемен алмасу және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz





