Академия «Тіл-Қазына» орталығымен ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат құқық саласында мемлекеттік тілді дамытуға, ғылыми өзара іс-қимылды нығайтуға және құқықтық лингвистика бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.

Келісім бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, құқықтық терминологияны жүйелеу мен стандарттауға, кәсіби қазақ тілі бойынша оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге, сондай-ақ ғылыми-практикалық іс-шараларды ұйымдастыруға негіз қалайды.

Құжатқа қол қою Академия мен Орталық арасындағы өзара ынтымақтастықтың заңды жалғасы болды. Бұған дейін тараптар құқықтық тілдің өзекті мәселелеріне арналған бірлескен дөңгелек үстел өткізіп, ол алдағы ынтымақтастықтың бастамасына айналған болатын.

Келісімді іске асыру тараптардың ғылыми және практикалық әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол мемлекеттік тіл саясатын дамытуға, ғылыми-әдістемелік қызметтің сапасын арттыруға және құқық саласындағы бірыңғай ұғымдық аппаратты қалыптастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге ықпал етеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz