Құқық қорғау органдары академиясында докторлық диссертациялар сәтті қорғалды

2026 жылғы 5 маусымда Құқық қорғау органдары академиясының Диссертациялық кеңесі отырыстарында философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін докторлық диссертациялар қорғалды.

Мадина Орынбайқызы Қасымова 8D04201 «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тергеулік профилактикасы және оның тиімділігі» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуін ұсынды.

Жұмысқа Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғалымдары мен мамандары сараптамалық баға берді. Ғылыми консультанттар ретінде заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор В.В. Хан және заң ғылымдарының докторы, Украинаның еңбек сіңірген заңгері А.Е. Фоменко қатысты.

Самал Омарбекқызы Қасенова 8D12302 «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактілерін қылмыстық-процестік дәлелдеуді модельдеу» тақырыбындағы диссертациясын қорғады.

Зерттеуді талқылауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері тартылды. Ғылыми консультанттар заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор В.В. Хан және заң ғылымдарының кандидаты А.А. Ешназаров болды.

Ұсынылған зерттеулер Диссертациялық кеңес мүшелері тарапынан оң бағаланып, докторанттардың жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Ғылыми жұмыстардың нәтижелері құқық қорғау қызметін жетілдіру мен заң ғылымын дамыту үшін практикалық маңызға ие.

Қорғау қорытындысы бойынша М.О.Қасымоваға философия докторы (PhD) дәрежесі, ал С.О. Қасеноваға бейіні бойынша доктор дәрежесі берілді.

Ізденушілерді диссертацияларын сәтті қорғауымен құттықтап, алдағы ғылыми қызметтеріне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!