Халықаралық конференцияда Криптовалюталардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Құқық қорғау органдары академиясы Кәсіби оқыту институтының қылмыстық қудалау кафедрасының аға оқытушысы Болатбек Мұсапиров «Трансұлттық киберқылмысқа қарсы іс-қимыл: ғылым, тәжірибе, білім беру және сот сараптамасы» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Конференция 2026 жылғы 27 мамырда Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің А.Я. Сухарев атындағы Мәскеу академиясының базасында өтті. Конфренцияда ТМД елдерінің құқық қорғау органдарының өкілдері, ғылыми қауымдастық пен білім беру ұйымдарының мамандары бірікті.

Іс-шара барысында қатысушылар киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерін, қашықтан жасалатын қылмыстарды тергеу мәселелерін, сондай-ақ цифрлық тергеп-тексерулерді сот-сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін талқылады.

Болатбек Мұсапиров криптовалюталарды пайдалану арқылы жасалатын трансшекаралық киберқылмыстарды анықтау мен тергеп-тексерудің өзекті мәселелеріне арналған «Криптовалюталардың заңсыз айналымы»тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада құқық бұзушылардың анонимдігін ашу, цифрлық іздерді бекіту және халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.