Өткен аптада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында болашақ прокурорларға арналған азаматтығы жоқ тұлғалар мен босқындардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған дәрістер өтті. Іс-шара мамандықтың екі тобы үшін ұйымдастырылды.
Дәріскерлер ретінде БҰҰ БЖКБ-ның Орталық Азия бойынша Өкілдігінің қызметкерлері — құқықтық қорғау бөлімінің басшысы Балжан Ошақбаева және құқықтық мәселелер жөніндегі бас сарапшы Мейрам Рахымбеков сөз сөйледі.
Дәрістер барысында азаматтығы жоқтықтың себептері мен салдары, азаматтығы жоқ тұлғалар мен босқындарды қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктері, сондай-ақ баспана беру рәсімдері қарастырылды. Сарапшылар БҰҰ БЖКБ-ның халықаралық қорғау мен гуманитарлық көмек көрсету бағытындағы қызметі туралы баяндады.
Сонымен қатар БҰҰ БЖКБ мен Қазақстан Үкіметінің азаматтығы жоқтықты қысқарту және оның алдын алу бағытындағы бірлескен жұмысына ерекше назар аударылды. Қазақстанның азаматтығы жоқ тұлғаларға азаматтық беру арқылы аталған мәселені шешуге елеулі үлес қосқаны атап өтілді.
БҰҰ БЖКБ деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 317 босқын, 177 баспана іздеуші және 7 858 азаматтығы жоқ тұлға тұрған.
Өткізілген дәрістер болашақ прокурорларды даярлауға маңызды үлес қосып, Құқық қорғау органдары академиясы мен БҰҰ БЖКБ арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz
