ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлерінің кәсіби даярлығы Құқық қорғау органдары академиясында аяқталды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлеріне арналған кәсіби даярлау курсы аяқталды.

Оқыту қарқынды әрі практикалық бағытта ұйымдастырылды. Бағдарлама тыңдаушылардың жалпы салалық, коммуникативтік және кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталды.

Білім беру процесіне Академияның тәжірибелі профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ ҰҚК СЖҚІҚ қызметінің практикалық қызметкерлері тартылды. Курс аясында тыңдаушылар негізгі ведомстволық нормативтік құқықтық актілердің ережелерін меңгеріп, процестік және қызметтік құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын игерді.

Даярлық барысында атыс, саптық, дене және медициналық дайындыққа ерекше назар аударылды. Бұл тыңдаушыларға қызметтік міндеттерді тиімді орындау үшін қажетті кешенді практикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Бағдарламаны іске асыру қазіргі заманғы сын-қатерлерге жедел әрекет етуге, алдын ала шаралар қабылдауға және құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған.

Курстың жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасы ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі директорының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Ақжанов Данияр Мейрамұлы қатысты. Өз сөзінде ол сапалы кәсіби даярлықтың маңыздылығын атап өтіп, тыңдаушыларға алдағы қызметтерінде табыс тіледі.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz