«Заң мен Тәртіп»: Қосшыда БҰҰ қолдауымен Орталық Азия елдері органдарды алу мақсатында адам саудасына қарсы күресте күш біріктіруде

Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында органдарды алу мақсатында адам саудасына қатысты қылмыстарды тергеу және қылмыстық қудалау мәселелеріне арналған екі күндік өңірлік дөңгелек үстел өз жұмысын бастады. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) және Еуропалық Одақтың қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.

Жиынға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның құқық қорғау және қадағалау органдарының делегациялары, сондай-ақ БҰҰ ЕҚБ (Вена) халықаралық сарапшылары қатысуда.

Органдарды алу мақсатындағы адам саудасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың ең қатыгез түрлерінің бірі ретінде танылған. Ол жоғары латенттілікпен, күрделі логистикалық тізбектермен, медициналық мамандардың тартылуымен және жасырын қаржылық ағындармен сипатталады.

Академияның проректоры Айдос Майлыбаев атап өткендей: «Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы тапсырмаларына сәйкес біз қылмыстың кез келген түріне нөлдік төзімділік танытуға тиіспіз. Адам саудасы – құқық үстемдігіне төнген сын. Мұндай қылмыстық желілерді әшкерелеу үшін дәстүрлі әдістер жеткіліксіз. Озық білім, тергеудің медициналық ерекшеліктерін түсіну және халықаралық өзара іс-қимыл қажет».

Алғашқы күннің негізгі оқиғасы БҰҰ ЕҚБ әзірлеген құралдар жинағының таныстырылымы болды. Сарапшы Мартин Рив жәбірленушілерді анықтаудан бастап дәлелдемелер жинау мен қаржылық тергеулер жүргізуге дейінгі практикалық алгоритмдерді қамтитын нұсқаулықты ұсынды.

БҰҰ ЕҚБ өкілі Мадина Сариева және Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің өкілі Хуана Мера Кабельо өз сөздерінде Орталық Азия елдерінің ашық диалогқа және халықаралық стандарттарды ұлттық тергеу тәжірибесіне нгізуге дайындығын жоғары бағалады.

Екі күн бойы прокурорлар мен полиция қызметкерлері халықаралық істерді (Ұлыбритания мен Таиландты қоса алғанда) қарастырып, қылмыстарды саралау, жәбірленушілерді қорғау және өңір елдері арасындағы құқықтық көмек тетіктерін дамыту мәселелерін талқылайды.

Құқық қорғау органдары академиясы жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік хаб ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Оның сарапшылары мен профессорлары қылмыстарды саралау және ведомствоаралық үйлестіру тәжірибелерін ұсына отырып, спикер және модератор ретінде қатысуда.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz