Алматы қаласында кешенді профилактика қағидатын іске асыруға арналған көшпелі тренинг өтуде

Алматы қаласы прокуратурасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Кешенді профилактика және прокурордың басқарушылық дағдылары» тақырыбында көшпелі оқу-тәжірибелік тренинг өткізуде.

Тренингтің ашылуына Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров, Алматы қаласының прокуроры Серік Қарипбеков, Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұржан Исмағұлов қатысты.

Іс-шараның мақсаты — заманауи профилактикалық тәсілдерді іс жүзінде енгізу, басқарушылық құзыреттерді дамыту және құқық бұзушылықтардың кешенді алдын алу тетіктерін жетілдіру. Тренингке қала аудандары прокуратураларының басшылары қатысуда. Оқыту қолданбалы сипатқа ие және күнделікті қадағалау қызметінде тиімді шешімдер қабылдауға бағытталған.

Бұған дейін осындай тренинг Түркістан облысында өткен болатын, ал Алматыда өткізілуі құқық қорғау органдары тарапынан заманауи профилактикалық тәсілдерді енгізу аясын кеңейтеді.

Сабақтар барысында қылмыстарға әрекет етуден криминогендік тәуекелдерді басқаруға көшу, ведомствоаралық үйлестіру, талдамалық және цифрлық құралдарды пайдалану, сондай-ақ басшылардың басқарушылық және коммуникациялық дағдыларын дамыту мәселелері қарастырылуда. Урбанизация мен көші-қон үдерістері жүйелі профилактикалық жұмысты талап ететін мегаполис ерекшелігіне ерекше назар аударылады.

Академия жаңа форматтағы кадрларды даярлау және ел аумағында профилактиканың бірыңғай стандарттарын енгізу бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.