Академия ғылыми зерттеулерін Назарбаев Университетінде өткен халықаралық конференцияда таныстырды

2025 жылғы 17-18 қазанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы алғаш рет Назарбаев Университетінде өткен «Navigating the Complexity of Policymaking: Challenges and Opportunities» IX Халықаралық конференциясында ғылыми әзірлемелерін ұсынды. Форум 14 елден 100 ден астам қатысушыны біріктірді және мемлекеттік саясаттың заманауи сын-тегеуріндерін талқылау үшін маңызды алаңға айналды.
Ағылшын тілді алаңда Академияның екі өкілі сөз сөйледі. Екінші курс магистранты Мира Сабиева бюджет қаражатын жымқыруға қарсы іс-қимылдың криминологиялық шаралары туралы баяндама жасады, Академияның аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Мұхтар Садықов жаһандық цифрлық экожүйелердің дамуы жағдайында цифрлық платформаларды реттеу және ұлттық егемендікті қорғау туралы зерттеуді ұсынды.
Екі баяндама да қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Қылмыстарды ерте анықтау тетіктері мен олардың алдын алу үшін цифрлық теңгені пайдалану әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Академияның конференцияға қатысуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуда, мемлекеттік саясат пен құқық қолданудың үздік тәжірибелерімен алмасуда маңызды қадам болды. Ұсынылған зерттеулер қазақстандық ғалымдардың экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл және цифрлық кеңістікті реттеу жөніндегі жаһандық диалогтағы маңызды рөлін атап көрсетті.