Соттарда мемлекет мүддесін қорғау бойынша біліктілікті арттыру курстары

Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша соттарда мемлекет мүдделерін білдірудің, атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалаудың проблемалық мәселелері» тақырыбында 5 күндік біліктілікті арттыру курстары аяқталды.  

Бағдарлама аясында қатысушылар сот және қадағалау тәжірибесінің өзекті мәселелерін зерделеді, заңнаманы қолданудың күрделі аспектілерін талқылады және практикалық міндеттерді шешу бойынша тәжірибе алмасты. Академияның Талдау орталығының мүмкіндіктерін, оның ішінде сот және атқару қызметін талдауға көмектесетін және прокурор жұмысының тиімділігін арттыратын «Зерделеу», «Әділдік», «Борышкер» модульдерін пайдалануға ерекше назар аударылды.

Дәрістер мен практикалық сабақтарды Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, судьялар, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің және Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының өкілдері өткізді.  

Курстың қорытындысы тыңдаушыларға кәсіби құзыреттілікті арттыруға, қадағалау тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуге және соттарда мемлекет мүдделерін білдіру сапасын нығайтуға мүмкіндік береді.