Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың тапсырмасы бойынша 2025 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіровтің ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Роговпен кездесуі өтті.
Нұрғалым Әбдіров ЕҚЫҰ-ға және жеке Алексей Роговқа ортақ мақсаттарға – заңдылықты нығайтуға, трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимылға және кадрлар даярлау жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізуге негізделген тұрақты және нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.
Ағымдағы жылы ЕҚЫҰ-ның қолдауымен адам саудасына, кибер және есірткі қылмысына, терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің цифрлық құзыреттерін дамыту бағдарламалары бойынша тренингтер өткізілді. Серіктестің ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын растайтын Академияның 10 жылдығына орайластырылған Халықаралық заңгерлер конгресін ұйымдастыруға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын – цифрлық криминалистика, тергеуде жасанды интеллектіні қолдану және цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуді белгіледі. ЕҚЫҰ-мен серіктестікті тереңдету құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және ұлттық тәсілдерді халықаралық стандарттармен үйлестіруге ықпал ететін болады.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz




