ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері Қосшы қаласындағы «Дара» мектеп-лицейінде көрнекті қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, ұлт қаһарманы, жазушы, педагог Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай еске алу іс-шарасын ұйымдастырды.
Қазақстан прокуратурасы үшін Бауыржан Момышұлының есімі ерекше маңызға ие. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін жауапты қызметтерде – прокурордың көмекшісі, аудан прокуроры қызметтерін атқарып, принципшілдік, адалдық, әділдікті терең сезіне білген. Оның өмір жолы мен мемлекетке қызмет етуі – заңға, Отанға деген адалдықтың үлгісі.
Іс-шараға Ұлттық қорғаныс университетінің аға оқытушысы, философия докторы (PhD), полковник Ербол Спатаев, мектеп оқытушылары мен Академия тыңдаушылары қатысты.
Жоғары сынып оқушылары Бауыржан Момышұлының ерлік жолына арналған театрландырылған қойылым көрсетіп, ерлік пен патриотизм атмосферасын бере білді.
Іс-шара соңында полковник Ербол Спатаев қазақтың біртуар перзентінің өмірі мен ерліктері туралы мазмұнды дәріс оқыды. Бауыржан Момышұлының ұлттық рухты қалыптастырудағы, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі елеулі рөлін атап өтті.




