Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіровтің Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) директоры Махмуд Хамидовпен кездесуі өтті.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайын және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Академия мен ОАӨАҮО арасында 2018 жылы қол қойылған келісім ғылыми әлеует пен практикалық тәжірибені біріктірудің тиімді құралына айналғаны атап өтілді.
Өткен кезеңде Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдарының 200-ден астам қызметкері қатысқан сегіз бірлескен оқу іс-шарасы өткізілді.
Оқыту бағдарламалары қолданбалы сипатқа ие болды, нақты кейстерді талдау, тәжірибе алмасу және есірткі қылмыстарын тергеуге цифрлық технологияларды енгізуді қамтыды. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, оның ішінде «Орталық Азиядағы трансұлттық есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың заманауи әдістері» бірлескен модульдік курсын әзірлеуді және озық тәжірибелермен алмасуға және есірткі қауіп-қатерлеріне қарсы күресте бірыңғай тәсілдерді әзірлеуге бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды талқылады.
Нұрғалым Әбдіров ғылыми және практикалық тәсілдердің үйлесіміне негізделген серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті:
«Академия ғылыми-білім беру платформасы мен сараптамалық әлеуетті, ал ОАӨАҮО сараптамалық деректер мен практикалық тәжірибені ұсынады. Мұндай ынтымақтастық біздің бірлескен күш-жігерімізді нәтижелі етіп қана қоймай, бүкіл өңір үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, жаңа білім беру және зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz


