Бүгін Академияда «Экономика саласындағы заңдылықты прокурорлық қадағалаудың өзекті мәселелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары аяқталды.
Мақсатты аудиторияны облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі басқармаларының бастықтары (және олардың орынбасарлары) құрады.
Дәріскерлер ретінде судьялар корпусының, Бас прокуратураның, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Жоғары аудиторлық палатаның, «Атамекен» ҰКП және «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ өкілдері сөз сөйледі.
Оқыту аясында прокуратура органдарының іс-әрекеттеріне және прокурорлық қадағалау актілеріне шағымданудың сот практикасы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, салық салу, жерді пайдалану және қала құрылысы қызметі туралы заңнаманы қолдану мәселелері қаралды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ ұсынған жерді, пайдаланылмайтын учаскелерді өз бетінше тартып алуды анықтау, сондай-ақ табиғи ресурстардың, қалдықтар мен төтенше жағдайлардың мониторингі бөлігінде қашықтан ғарыштық мониторинг жүргізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Игерілген материалдар мен тәжірибе алмасу қатысушыларға мемлекет пен қоғамның заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қадағалау қызметінде заманауи тәсілдер мен құқықтық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz







