Бүгін Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні және «Заң мен тәртіп» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы 2015–2016 жылдары туған балалар арасында Ректор кубогына арналған футбол турнирін ұйымдастырды.
Жарысқа Қосшы қаласының жеті командасы қатысты: «Elit», «FC Amana 1», «FC Amana 2», «SD team», «Prosportqosshy 2015», «Prosportqosshy 2016» және «Prosportqosshy 2017». Жас ойыншылар жеңіске деген ерік-жігерін, әділ ойынды және командалық бірлікті көрсете білді.
Қатысушыларды құттықтаған Академия проректоры Маралбек Ешимов нағыз күш – адалдықта, достықта және зиянды әдеттерге «ЖОҚ» деп айта білуде екенін атап өтті. «Сіздердің әр пастарыңыз, әр голдарыңыз және әділ ойындарыңыз – салауатты болашаққа жасалған үн», – деді.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының кеңесшісі Кеннет Уильямсон мұндай бастамалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, Академияның есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл және өсіп келе жатқан ұрпақта берік құндылықтарды тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Турнир: «Біз есірткіге қарсымыз – біз спорт пен тәртіпті қолдаймыз!» ұранымен өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық балалар спортын дамыту ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында зиянды әдеттерге қарсы тұру қабілетін, белсенді өмір салтына ұмтылысын және дұрыс құндылықтарды таңдауын қалыптастыру болды.