Медицинадағы қаржылық қауіпсіздік: Қосшы емханасы қызметкерлеріне арналған дәріс

2025 жылғы 26 маусымда «Заң және тәртіп апталығы» республикалық акциясы аясында Қосшы қалалық №1 емханасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ұйымдастыруымен ағартушылық дәріс өтті.

Медицина қызметкерлері алдында Академияның ғылыми қызметкерлері Талғат Маханов пен Сержан Теміров сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларын кәсіби ортадағы қаржылық қауіпсіздік пен құқықтық қорғалуға арнап, алаяқтықтың нақты жағдайларын талдап, алданып қалмаудың жолдарын түсіндірді.

Іс-шараға дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер және қаланың денсаулық сақтау жүйесінің өзге де өкілдері қатысты. Негізгі назар қаржылық сауаттылықты арттыруға, интернет-алаяқтық тәуекелдерінің алдын алуға және киберқауіпсіздік тәсілдеріне аударылды.

Спикерлер қаржылық қауіпсіздік – маманның жалпы мәдениетінің бір бөлігі екенін атап өтті. Бүгінгі медицина қызметкері кәсіби міндеттерін тиімді орындаумен қатар, құқықтық және қаржылық мәселелерде де сауатты болуы тиіс. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін алаяқтардың арбауына түспеуге, қырағы болуға және өзін, жақындарын қорғауға шақырды.

Қатысушылар күнделікті өмірде жиі кездесетін алаяқтық пен басқа да тәуекелдерге қатысты нақты жағдайларды талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді.

Бұл іс-шара әлеуметтік саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ағартушылық бағытында құқық қорғау және медицина құрылымдарының тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі болды.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz