2025 жылғы 22–23 мамырда Астанада «Қазіргі әлемдегі заң, құқық және әділеттілік» тақырыбында Халықаралық заңгерлер конгресі өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды. Конгресс Қазақстанның Түркі сот-құқықтық даярлау желісіндегі төрағалығына және Академияның 10 жылдығына орай өткізілді.
Конгресс БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, ЕҚЫҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және белсенді қатысуымен өтті.
Іс-шараны Бас Прокурор Берік Асылов ашты. Ол ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғам өмірінің барлық салаларында әділеттілікті және заңдылықтың бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету идеяларымен конгресс тақырыбы үндесетінін атап өтті.
Конгреске қатысқан сот және құқық қорғау органдары басшылары құттықтау сөз сөйлеп, Академияның білікті мамандар даярлауға және халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Сот жүйесінің Жоғарғы кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов судьялар корпусының тәуелсіздігі сотқа қоғам сенімінің негізі екенін атап өтті:
«Жаһандық сын-қатерлер жағдайында тек моральдық тұрғыдан берік әрі тәуелсіз судья ғана әділеттілікті қамтамасыз ете алады».
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали негізгі құқықтық құндылықтардың маңыздылығын айтты:
«Заң, құқық және әділеттілік — қоғамның тірегі, әсіресе жаһандық өзгерістер кезеңінде. ‘Заң және тәртіп’ идеологиясын ілгерілету азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруда және мемлекеттік органдарға сенімді нығайтуда басты рөл атқарады».
Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов цифрлық дағдыларға ие мамандар даярлаудың маңызын атап өтті:
«Кибералаяқтықпен және қаржылық қылмыстармен күресу үшін жаңа кадрлар қажет. Академия мұндай мамандарды дайындап жатыр».
Пленарлық отырыс пен панельдік сессиялардың модераторлары ретінде Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан делегацияларының басшылары қатысты. Бұл халықаралық өкілдіктің жоғары деңгейін және кәсіби қауымдастықтар арасындағы мазмұнды диалогты көрсетті.
Конгресс аясында Академияның шетелдік серіктестерін марапаттау рәсімі өтті. Халықаралық ұйымдар мен ғылыми мекемелер өкілдеріне Бас Прокурордың алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар табыс етілді. Сондай-ақ, Құқық қорғау органдары академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, ғылыми-білім беру процесін дамытуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленді.
Конгресстің өткізілуі халықаралық кәсіби диалогтың маңыздылығын және Академияның құқықтық ынтымақтастықтағы беделді алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.