Прокуратура «ұрланғанды» Қазақстанға қалай қайтаруға үйретеді

2025 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы аяқталды.

Бес күн ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері Мемлекет басшысы белгілеген құқық қорғау жүйесінің қызметіндегі басым бағыттардың қатарына жататын қылмыстық активтерді қайтару тақырыбы бойынша қарқынды дайындықтан өтті. Курс заңсыз шығарылған активтерді анықтау, жолын кесу және қайтару бойынша кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған.

Оқыту шеңберінде қатысушылар халықаралық ынтымақтастықтың үздік тәжірибелері мен құралдарына қол жеткізді, нақты кейстерді зерделеді және активтерді Отанға қайтару жөніндегі іс-қимыл алгоритмдерін пысықтады. Ведомствоаралық өзара іс-қимылға және трансшекаралық қылмысқа қарсы күрестің құқықтық аспектілеріне ерекше назар аударылды.

Сабақтарды Академия оқытушылары, сондай-ақ қаржы мониторингі агенттігінің және активтерді қайтару комитетінің шақырылған мамандары өткізді. Сарапшылар қатысушыларға теориялық дайындық деңгейін ғана емес, сонымен қатар практикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретін өзекті тәсілдер мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Курс аяқталғаннан кейін барлық тыңдаушыларға активтерді қайтару саласындағы құзыреттерін растайтын сертификаттар табысталды. Алынған білім мен дағдылар шетелге қаражатты заңсыз шығаруға қарсы күресте елеулі көмек болады және отандық құқық қорғау органдарының әлеуетін нығайтады.