2025 жылғы 3 сәуірде Астана қаласының QazExpoCongress алаңында Құқық қорғау органдары академиясы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұйымдастырған «Тиімді комплаенс-бақылау: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың озық әдістері мен стратегиялары» тақырыбындағы семинарға қатысты. Іс-шара комплаенс-бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге арналды.
Семинар жұмысына мемлекеттік органдардың, бейінді жоғары оқу орындарының өкілдері және комплаенс саласындағы сарапшылар қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қаржы мониторингі академиясының басшылары, сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясы Кәсіптік оқыту институтының директоры Марат Әбдірахманов қатысушыларға арнап сөз сөйледі.
Өз сөзінде ашықтық пен әдептілік орнықты дамудың негізгі факторларына айналатын қазіргі экономика жағдайында тиімді комплаенс-бақылау мемлекеттік билік және бизнес институттарына деген сенімді нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Іс-шара аясында Академияның қызметі, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар, комплаенс-офицерлер үшін біліктілікті арттыру жұмыстары айтылды. Қатысушылар бағдарламалардың мазмұнын жоғары бағалады және осы бағытта жүйелі және тұрақты оқытуды жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Қорытындылай келе, директор барлық ниет білдірушілерді сыбайлас жемқорлық тақырыптары бойынша белгіленген үлгідегі ресми сертификат алу мүмкіндігімен Академияда оқудан өтуге шақырды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz