Үш ел – бір мақсат: экстремизмге қарсы іс-қимыл  

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында «Қазіргі жағдайдағы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл: ұлттық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

Іс-шара барысында Академия алаңы Қазақстан, Ресей және Өзбекстан өкілдері арасында сараптамалық диалог пен тәжірибе алмасу орталығына айналды. Іс-шараға Ресей Федерациясы Прокуратура университетінің, А.Я. Сухарев атындағы Тергеу комитеті Мәскеу академиясының, Өзбекстан Республикасының Құқық қорғау академиясының оқытушылары, практиктері мен тыңдаушылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері мен білім алушылары қатысты.

Семинар гибридті форматта – Microsoft Teams платформасы арқылы бетпе-бет және онлайн режимде өткізілді. Ғылыми-практикалық сессиялар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті сын-қатерлерге, мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуге, сондай-ақ оң тәжірибе таратуға арналды.

Ресейлік қатысушылар ақпараттық технологияларды заңсыз мақсаттарда пайдаланумен байланысты қауіп-қатерлерді бейтараптандыру тәжірибесімен бөлісті, кибердиверсия мәселелеріне және Тергеу комитетінің экстремистік әрекетке қарсы тұрудағы рөліне тоқталды.

Қазақстандық сарапшылар осы саладағы прокурорлық қадағалаудың басым бағыттары туралы айтып, осал объектілерді терроризмге қарсы қорғаудың тәсілдерін, сондай-ақ азаматтарды радикалды топтарға тартудың алдын алу тәсілдерін талқылады. Қоғамда зорлық-зомбылық идеологияларына тұрақты иммунитетті қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік және алдын алу шараларына ерекше назар аударылды.

Өзбекстандық өкілдер өз еліндегі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды құқықтық реттеудің қазіргі заманғы аспектілерімен таныстырып, құқық қолдану практикасы мен трансшекаралық өзара іс-қимылды нығайту қажеттігіне назар аударды.

Семинар қорытынды пікірталаспен аяқталды, оның барысында қатысушылар күш-жігерді біріктіру, тұрақты диалог және бірлескен ғылыми жұмыс арқылы трансұлттық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұруға болады деген пікірге келді.

Құқық қорғау органдары академиясы ТМД-ның прокурорлық-тергеу кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі базалық ұйымы ретінде өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық әріптестікті дамытудағы маңызды рөлін тағы да растады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email:
7171498@prokuror.kz