Сыбайлас жемқорлықпен күреске жаңа көзқарас: Академияның жетістіктері

Құқық қорғау органдары академиясы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысы бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында ведомствоаралық ғылыми зерттеуді аяқтады.

Зерттеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы қолданудағы бірқатар проблемаларды, соның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкес «Сыбайлас жемқорлық» ұғымының жеткіліксіз анық және өзекті анықтамасын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке жататын субъектілердің шектеулі тізбесін, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандардың активтеріне мониторинг жүргізбеуді және басқа да маңызды аспектілерді анықтады.

Зерттеу қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықтың авторлық дефинициясы және «Мүдделер қақтығысын» реттеуге, негізсіз байытуға бақылауды күшейтуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін сотталғандардың активтері мен кірістеріне мониторинг жүргізуге, кәсіби адалдыққа жасырын тексеруді енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің сыйлық беру және алу қағидаларын қайта қарауға қатысты ғылыми негізделген ұсынымдар әзірленді.

Алынған нәтижелер  ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, жаңа құқықтық тетіктерді бейімдеу және елдегі құқық қолдану практикасын жақсарту жөніндегі ұсынымдарды білдіреді.

Зерттеу қорытындылары Академия сайтында танысуға болатын «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың теориялық және практикалық мәселелері» монографиясында жинақталған.

Құқық қорғау органдары академиясы диалогқа және зерттеу қорытындыларын сындарлы талқылауға ашық. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге ықпал ететін ұсыныстар мен идеяларды құптаймыз.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz