2024 жылғы 11 желтоқсанда Құқық қорғау органдары академиясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы (БҰҰ БЖКБ) өкілдігінің міндетін атқарушы Думитру Липкану мырзамен кездесу өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы босқындардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері, сондай-ақ білім беру және ғылыми бастамалар саласындағы бірлескен жұмыс болды.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған бірлескен білім беру бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырудың негізгі мәселелері қозғалды. Босқындарды қорғау және көші-қон заңнамасы бойынша оқытуға, сондай-ақ БҰҰ БЖКБ өкілдерінің адам саудасымен күресуге және халықтың осал топтарының құқықтарын қорғауға бағытталған симуляциялық жаттығуларға қатысуына ерекше назар аударылды.
Академия ректоры Марат Сексембаев БҰҰ БЖКБ-мен ынтымақтастықты кеңейту Қазақстандағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құзыретін арттыру және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл әріптестік Академияның ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға зор ықпал ететінін баса айтты.
БҰҰ БЖКБ өкілдері Академиямен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді және жаһандық сын-қатерлерді шешуде бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де босқындардың құқықтарын қорғауға бағытталған құқық қорғау бастамалары саласында одан әрі тәжірибе алмасу және өзара іс-қимыл туралы келісті.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz