2024 жылғы 2-4 желтоқсан аралығында Құқық қорғау органдары академиясының киберполигоны базасында «Криптовалюталарды пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеу және алдын алу» атты тренингі өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған.
Қатысушылар қылмыстық іс-әрекетте криптовалюталарды қолдануға байланысты өзекті сын-қатерлерді талқылады, блокчейн технологиясын, крипто-әмияндар мен крипто алмастырғыштар жұмысының ерекшеліктерін зерттеді. Транзакцияларды талдау, ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және басқа да қылмыстарға қатысты заңсыз операцияларды анықтау үшін Crystal Blockchain бағдарламалық жасақтамасын іс жүзінде қолдануға ерекше назар аударылды.
Тренинг барысында криптовалюталарды бақылау, мұздату және тәркілеу әдістері, сондай-ақ цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу ережелері талданады. Украинадан келген сарапшы халықаралық құқық қорғау органдарының жұмыс тәжірибесімен бөлісті, бұл қатысушыларға осындай қылмыстарды тергеудің тиімді тәсілдерімен танысуға және ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.
Осындай оқыту іс-шараларын өткізу Академияның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы заманауи сын-қатерлерге сәйкес келуге және құқық қорғау органдары мамандарының кәсібилігін арттыруға ұмтылысын растайды.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz