Балалардың құқықтарын қорғау бірінші орында: Академия прокуратура қызметкерлерін оқытты

 Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар туралы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын сақтауды ерекше қадағалайтын аумақтық прокуратуралардың қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курсы аяқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев «Балалардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және өскелең ұрпақты дамыту — біздің сөзсіз басымдықтарымыз» деп бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстарды, сондай-ақ балалардың өздері жасаған құқық бұзушылықтарды сапалы, толық және объективті тергеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Курс бағдарламасы сотқа дейінгі тергеуді қадағалау мәселелерін, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмыс істеудің заманауи әдістерін зерттеуді қамтыды. Оқу барысында қатысушылар қылмыстық-құқықтық нормалармен және оларды қолданудың практикалық мәселелерімен танысты.

Академияның оқытушылар құрамынан басқа, оқытуға «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау орталығының психологтары, сондай-ақ Астана қалалық сотының судьясы қатысты.

Біліктілікті арттыру курсы аясында кәмелетке толмағандардан жауап алу және сотта істерді қарау ерекшеліктеріне арналған тренингтер өткізілді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мұндай істерді тергеу әдістеріне үйрету құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды бөлігі болып табылады.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі