Футболдан жолдастық кездесу құқық қорғаушыларының басын қосты

Құқық қорғау органдары академиясында Қаржы мониторингі агенттігінің, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің құрама командаларын, Академия оқытушылары мен тыңдаушыларын біріктірген футболдан жолдастық матч өтті.

Бұл спорттық іс-шараның бастамашысы Қаржы мониторингі агенттігі болды. Академия қабырғасында өткен матч Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылып, жас ұрпақты бірлік, патриотизм және салауатты өмір салты рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Іс-шараны ашқан Академия проректоры Маралбек Ешімов оның ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және жас қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін маңыздылығын атап өтті.

Турнир достық жағдайда өтіп, жарқын финалмен аяқталды. Академия ұжымы тамаша командалық жұмысты және жоғары дене дайындығын көрсете отырып, құрметті 2 орынды иеленді.

Құқық қорғау органдары академиясы іс-шараның барлық қатысушылары мен ұйымдастырушыларына белсенді қатысқаны және қолдағаны үшін алғыс білдіреді. Осындай бастамалар спорттың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріндегі маңыздылығын атап көрсетіп, кәсіби және жеке қасиеттердің дамуына ықпал етеді.

 

Құқық қорғау органдары
Академиясының баспасөз қызметі