Құқық қорғау органдары академиясында алқабилердің қатысуымен соттарда мемлекеттік айыптауды қолдауға маманданған прокуратура қызметкерлері үшін бір апталық біліктілікті арттыру курсы басталды.
Бағдарлама шеңберінде қатысушылар сот процестерін жүргізу тактикасының негізгі аспектілерімен танысады, дәлелдеу тәсілдері бойынша білім алады, сендіру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгереді. Сот залында психологиялық әсер ету техникасына және жанжалдарды шешуге ерекше назар аударылатын болады.
Оқытуды Бас прокуратураның, Фридрих Эберт атындағы қордың тәжірибелі мамандары, сондай-ақ Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы жүргізеді. Теориялық сабақтар практикалық модульдермен, соның ішінде сот процесін модельдеумен толықтырылады, мұнда тыңдаушылар алған білімдерін нақты сот отырыстарына барынша жақын жағдайларда көрсете алады.
«Курс алқабилердің қатысуымен соттарда әрбір мемлекеттік айыптаушыға қажетті сендіру және шешендік дағдыларын нығайтуға арналған», – деп атап өтті Академияның проректоры Маралбек Ешімов.
Соңғы кезең қылмыстық іс бойынша сот процесіне еліктеуді көздейтін іскерлік ойын болады. Бұл – қатысушылар үшін алған білімдерін іс жүзінде қолданудың, алқабилермен өзара іс-қимыл дағдыларын жетілдірудің және нақты сот процестерінде өз жұмысының тиімділігін арттырудың бірегей мүмкіндігі.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі