Құқық қорғау органдары академиясы жүргізген ведомствоаралық ғылыми зерттеу аясында «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілеріне қол сұғуға қарсы іс-қимыл» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың отандық және шетелдік сарапшылары, ғылыми және білім беру мекемелерінің, сондай-ақ қызметі табиғатты қорғауды қамтамасыз етумен байланысты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар жабайы табиғат нысандарын қорғауға, оның ішінде браконьерлікке, заңсыз саудаға және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін контрабандаға қарсы күреске қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
SMART жүйелері мен ғарыштық мониторинг сияқты озық технологияларды қолдана отырып қорғалатын табиғи аумақтарды патрульдеу мен бақылаудың заманауи әдістеріне ерекше назар аударылды. Табиғатты қорғау қызметі саласындағы мамандарды даярлау мен біліктілігін арттырудың маңыздылығы, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі міндеттерді тиімді шешу үшін халықпен белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттігі атап өтілді.
Дөңгелек үстелдің қорытындылары әртүрлі ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мәселелерінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі