5-7 маусым аралығында Ақтау қаласында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының прокуратура, сот жүйесі және полиция қызметкерлері үшін төртінші өңірлік тренинг өтті. Іс-шараны Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлескен жоба аясында АҚШ Елшілігінің INL бөлімінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды.
Тренинг адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және Қазақстандағы адам саудасына қарсы күреске бағытталған. Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының, сот жүйесі мен прокуратураның өкілдері адам саудасы саласындағы заңнама мен құқық қолданудың проблемалық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Қатысушылар сарапшылармен бірлесіп адам саудасының заманауи түрлерін, саудагерлер қолданатын тактиканы және сәтті жағдайларды тергеу әдістерін талдады.
«Ашық үкімет» индикаторларына қол жеткізу және азаматтық қоғамды БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын имплементациялау процесіне тарту үшін тренингке екі үкіметтік емес ұйымның: Теміртау қаласынан «Қайсар» қоғамдық қоры және Маңғыстау облысынан «Мейірім» қоғамдық ұйымы директорлары шақырылды. Осы ұйымдардың өкілдері сот-тергеу әрекеттеріне қатысатын жәбірленушілер мен куәгерлерге көмек көрсетудің тиімді әдістерін үйретуге бағытталған психологиялық тренингтер өткізді.
Тренинг барысында қатысушылар жауап алу әдістерін пысықтады, қателерді талдады және практикалық дағдыларды жақсарту үшін ықтимал шешімдерді ұсынды. Практикалық жағдайларды талқылау және талдау барысында үш ведомствоның өкілдері қорытынды ұсынымдарға кіретін бірқатар шешімдерді ұсынды.
Қорытынды өңірлік тренинг шілде айына жоспарланған және Алматыда өтеді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі