Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры Калиолла Сейтеновтың Мәскеу қаласына сапары аясында О.Е. Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің бірінші проректоры Инна Ершовамен кездесуі өтті.
Кездесуде тараптар ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюдың маңыздылығын атап өтіп, Академия мен университет арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Калиолла Сейтенов Академия халықаралық қатынастарды дамытуға көп көңіл бөлетінін және Меморандумға қол қою білім беру мекемелері арасындағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
О.Е. Кутафин атындағы университет халықаралық және ұлттық рейтингтерде жоғары орын алады. QS World University Rankings мәліметтері бойынша, университет 151-200 орында және Ресейдегі ең үздік университеттер рейтингінде 27-ші орында. Университетте био-құқық, кибер-құқық, гео-құқық, бизнес-құқық және техно-құқық бойынша бірегей құзыреттілік орталықтары, сондай-ақ барлық заң мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауды ұйымдастыратын 5 диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою бірлескен іс-шараларды өткізуге, ғылыми жетістіктермен және өзекті ақпаратпен алмасуға, сондай-ақ озық оқыту технологияларын енгізу тәжірибесіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Тараптар кездесу екі елдің ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қосымша серпін беретініне сенімді.
Білім алушылар мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің академиялық ұтқырлығын дамытуға ерекше назар аударылатын болады, бұл оларға бірегей тәжірибе мен білім алуға, біліктілігін арттыруға, Қазақстанда да, Ресейде де заң ғылымы мен практикасын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі