Академия ЕҚЫҰ Хатшылығымен бірлесіп OSINT бойынша халықаралық семинар өткізді

13-17 мамыр аралығында Құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ Хатшылығының қолдауымен «Ашық көздерден ақпарат жинау және талдау (OSINT)» тақырыбында халықаралық семинар өткізді.

Семинар тақырыбының өзектілігі қазіргі әлемде көптеген қылмыстар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы жасалатындығына байланысты. Интернетте әрекет ететін қылмыскерлер қылмыстарды ашу үшін пайдаланылуы мүмкін цифрлық іздер мен дәлелдер қалдырады. OSINT (Open Source Intelligence) технологиясы жалпыға қолжетімді көздерден барлау ақпаратын іздеуді, жинауды және талдауды қамтиды. Интернет-кеңістікте дәлелдерді іздеу бойынша жұмыс құқық қорғау органдарынан арнайы білім мен дағдыларды талап етеді.

Осыған орай, оқыту барысында Қазақстан мен Тәжікстаннан келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ осы елдердің ведомстволық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы онлайн-платформалар, іздеу жүйелері мен іздеу операторларының жұмыс негіздерін зерделеді. Электрондық хаттар мен әлеуметтік желілерге талдау жүргізіп, онлайн-дәлелдемелерді сақтау негіздерін үйренді.

Сонымен қатар семинарға қатысушылар азаматтардың дербес деректерді қорғау құқықтарын сақтай отырып, онлайн-тергеулерде практикалық жұмыс үшін OSINT көздерін және жедел қауіпсіздік шараларын зерттеді. Іс-шара барысында Қазақстан, Литва және Өзбекстан сарапшылары өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.

Бұл семинар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда және киберқылмысқа қарсы күрес саласында халықаралық тәжірибе алмасуда маңызды қадам болды.

Құқық қорғау органдары академиясы оқу процесіне озық технологиялар мен әдістемелерді енгізе отырып, өз қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамыту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі