Адам саудасы мәселелері бойынша құқық қорғау және сот жүйесі өкілдеріне арналған өңірлік тренинг

Осы жылғы 13-15 наурыз аралығында Құқық қорғау органдары академиясы Шымкент қаласында сот жүйесінің қызметкерлері, сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының прокуратурасы мен полиция қызметкерлері үшін адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша екінші өңірлік тренинг өткізуде.

Іс-шара АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық көші-қон ұйымымен (ХКҰ) бірлесіп ұйымдастырылды.

Тренинг бағдарламасы аясында адам саудасы механизмінің сипаттамаларын, қылмыс құрамының негізгі элементтерін, әртүрлі тергеу жағдайлары мен әрекеттерін, осы санаттағы қылмыстарды тергеу кезінде арнайы білімді пайдалану мүмкіндіктерін зерттеу жоспарланған. Іс-шараға қатысушылар еңбек және жыныстық қанауға байланысты істерді тергеу тәжірибесімен бөліседі.

Бұл оқытудың басты мақсаты-адам саудасынан зардап шеккендерді уақтылы анықтау және оларға көмек көрсету.

Қатысушылар адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту үшін құқық қорғау органдарының тығыз өзара іс-қимылы мен жүйелі жұмысы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, сот және құқық қорғау органдарының өкілдері бір алаңға жиналған кезде іс-шараның инновациялық форматының тиімділігі атап өтіледі.
Келесі өңірлік тренингтерді Өскемен және Ақтау қалаларында өткізу жоспарлануда.

 

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі