Академияның ғылыми зерттеу қорытындыларының тұсаукесері

Бас прокуратурада «Азаптауға қарсы іс-қимыл: осы санаттағы қылмыстардың алдын алудың ұйымдастырушылық және кадрлық аспектілері» ведомствоаралық ғылыми зерттеу нәтижелерінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Бас Прокурордың орынбасары А.К. Чиндалиев, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің және Құқық қорғау органдары академиясының басшылары қатысты.

Зерттеу Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің тапсырысы бойынша жүргізілді.

Зерттеудің авторлық ұжымы азаптауға қарсы іс-қимыл мәселелерін қылмыстық-құқықтық сала арқылы емес, олардың алдын алудың ұйымдастырушылық және кадрлық аспектілері арқылы зерттеді.

Қорытындысы бойынша «Азаптаудың алдын алудың ұйымдастырушылық және кадрлық шаралары» әдістемелік ұсынымдар, қолданыстағы қылмыстық заңнамаға түзетулердің салыстырмалы кестесі, ұйымдастырушылық-құқықтық сипаттағы ұсыныстар пакеті дайындалды.

Іс-шара барысында ғалымдар мен практиктердің сындарлы талқылауы мен пікір алмасуы өтті, Академияның атқарған жұмысы туралы оң пікір алынды.

Бас прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарының алаңдарында Академияның ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындыларын таныстыру форматы жалғасатын болады.

 

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі