Серіктестікті нығайту

Бүгін Молдова Республикасы Ұлттық әділет институтының директоры Екатерина Поупа Құқық қорғау органдары академиясына келді.

Жоғары оқу орнының ректоры Марат Сексембаев қонаққа Академияның ғылыми-білім беру қызметінің негізгі бағыттары мен одан әрі даму перспективалары туралы айтып берді.

Әңгіме барысында тараптар ғылыми және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Е.Поупа атап өткендей, Молдова Республикасы қазақстандық құқық қорғау жүйесінің жұмысындағы прогрессивті өзгерістерді, оның ішінде прокурорлық кадрларды даярлау және ақпараттық жүйелерді дамыту мәселелерін үлкен қызығушылықпен бақылайды.

Кездесу нәтижесінде ынтымақтастық географиясын кеңейтуге, оқытудың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру үшін күш-жігер мен ресурстарды біріктіруге, ғылыми жетістіктер мен өзекті ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін оқу орындары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Әңгімелесушілер екі білім беру мекемесінің алдында тұрған өзара қызығушылық пен ортақ міндеттерге негізделген қол жеткізілген келісімге үлкен қанағаттанушылық білдірді.

Сапар аясында Е. Поупа Бас прокуратураға барды.

Әңгімелесу барысында Бас Прокурордың орынбасары Әсет Чиндалиев Қазақстан мен Молдованың уәкілетті органдары арасындағы кадрлық әлеуетті нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру жағдайында әріптестікті одан әрі дамытудың өзектілігін атап өтті.

Сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының, Сот әкімшілігінің және Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басшылығымен кездесулер жоспарланған.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі