Кәсіптік бағдар беру, тәрбие және идеологиялық жұмыс аясында Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев Астана қаласы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушыларымен кездесті.
М. Сексембаев оқушыларға прокуратура органдарының тарихы мен қызметі туралы айтып берді. Құқық қорғау органдары қызметінің қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, оқушылар үшін Академия бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар оқу орнының аудиторияларын, полигондарын және басқа да объектілерін аралап, мамандарды оқыту және практикалық даярлау процесімен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ оқушыларды құқық саласын одан әрі зерделеуге және осы бағыттағы мамандық таңдауға ынталандыруға арналған.
Мектеп-лицей педагогтары Академия басшылығына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, осындай кездесулер жастардың құқық қорғау жүйесінің қызметі туралы дұрыс түсінігін қалыптастыруға ықпал ете отырып, тұрақты түрде өткізілетініне сенім білдірді.
Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі