Құқық қорғау органдары академиясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржы мониторингі агенттіктерінің қызметкерлері үшін оқыту іс-шарасы өтті. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған тренинг виртуалды активтерді пайдалана отырып, киберқылмыс туралы қылмыстық істерді тергеу ерекшеліктеріне арналған.
Оқыту шеңберінде криптовалюталарды пайдалана отырып жасалған киберқылмыстарға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Жаттықтырушылар ретінде БҰҰ ЕҚБ-ның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі сарапшылары сөз сөйледі. Тренингке қатысушылар: криптовалюта жұмысының негіздері мен принциптерін және оларды анықтаудың заманауи жүйелерін; криптокошелекті профильдеудің компьютерлік бағдарламалық өнімдерін талдау және қолдану әдістерін; блокчейн технологиялары мен бағдарламалық жасақтамасын зерттеді.
Crystal blockchain мысалында транзакцияларды қарау, криптовалюталарды қадағалау және ақшаны жылыстатуға, есірткінің заңсыз айналымына және терроризмді қаржыландыруға қатысты заңсыз операцияларды анықтау үшін құралдарды пайдаланудың негізгі принциптері зерттелді.
Цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу ерекшеліктері қаралды, криптовалюталарды қадағалау, мұздату және тәркілеу бойынша тінту жүргізу шеңберінде қызметкерлердің практикалық іс-әрекеттері пысықталды.
Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі