Бүгін Бас прокуратурада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Прокуроры Өтеген Сейітұлы Сейітовтің 100 жылдығына арналған «Құқық қорғау қызметінің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция жұмысын бастады.
Іс-шараны Бас прокуратура ЮНЕСКО қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция жұмысына қадағалау органдарының ардагерлері, Парламент депутаттары, Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, ЮНЕСКО, Адам құқықтары жөніндегі еуропалық соттың, сондай-ақ Беларусь, Ресей сарапшылары қатысады.
Өтеген Сейітов — прокуратура тарихындағы көрнекті тұлға. Оның жарқын және қайталанбас тағдыры — жоғары кәсіпқойлық пен таңдалған іске берілгендіктің үлгісі.
Прокуратура органдарындағы еңбек жолын 1938 жылы 16 жасында бастаған. Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Демобилизациядан кейін прокуратураға оралды.
18 жыл бойы, 1966 жылдан 1984 жылға дейін Қазақ КСР прокуратура органдарын басқарды.
Қазақ КСР-де заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жоғары жетістіктері үшін 1972 жылы Сейітов «1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі» жоғары сыныптық атаққа ие болды.
Өтеген Сейітовтің еңбек және жауынгерлік еңбегі көптеген ордендермен және медальдармен – «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы», «Халықтар Достығы», «Құрмет ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгері, прокуратураның құрметті қызметкері атағы берілді.
Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, Бас Прокурор Берік Асылов Өтеген Сейітұлының заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесін асыра бағалау қиын екенін атап өтті.
«Өтеген Сейітұлының бүкіл өмір жолы заңға қызмет етуге арналды және бәріміз үшін жарқын үлгі болып табылады.
Ол әрқашан жоғары адами қасиеттерімен, талапшылдығымен, қағидаттылығымен, ізгі ниетімен ерекшеленді», — деп атап өтті Берік Асылов.
Өтеген Сейітұлы қызметкерлерді оқыту, олардың сапалы жоғары білім алуы, прокурорлардың күнделікті жұмыста озық технологияларды қолдануы мәселелеріне ерекше назар аударды.
Өтеген Сейітов прокурор қызметкерлерінің көптеген ұрпақтарына тәлімгер болды, елдегі белгілі заңгерлердің тұтас бір тобын тәрбиеледі. Қадағалау органдарының ардагерлері, әріптестері мен шәкірттері ұстазы туралы естеліктерімен ерекше жылылықпен бөлісіп, керемет адам мен кәсіпқойға шын жүректен алғыс пен құрмет сөздерін білдірді.
Конференция аясында прокуратураның жас қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі өткізілді.
Айта кетейік, қадағалау ведомствосы басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жыл прокуратура органдарында «Ө.Сейітов жылы» деп жарияланды.
Мерейтойға орай салтанатты, ғылыми, спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді.
Өтеген Сейітұлы туған Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мемориалдық тақта орнатылды.
Конференция қарсаңында Құқық қорғау органдары академиясында мәжіліс залының салтанатты ашылуы өтті, оған Ө.Сейітовтің есімі берілді.
Іс-шара аясында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Ө.Сейітовтың өмірі мен қызметіне арналған «Өтеген Сейітов: абыройлы қызмет және өнегелі өмір» атты көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.
Форум алаңында құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері, нормашығармашылық бастамалар, құқық қорғау қызметін дамыту перспективалары және адам құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру талқыланды.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі