Орталық Азия елдерінің құқық қорғаушылары терроризмге қарсы күрес әдістерін үйренді

Бүгін Астанада «Терроризмге қарсы күрестегі құқық қорғау органдары басшыларының рөлі» атты өңірлік тренинг өз жұмысын аяқтады.

АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған оқыту іс-шарасына Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның құқық қорғау және арнайы органдарының қызметкерлері қатысты.

 

Тренинг аясында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері, радикалды көріністерге қарсы күрес нысандары мен әдістерін жетілдіру талқыланды.

Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету контекстінде пікірталастардың маңызды тақырыбы халықаралық ынтымақтастық және әртүрлі елдердің органдары арасында терроризмге қарсы жұмыс тәжірибесімен алмасу мәселелері болып табылады. Осыған байланысты қазіргі заманғы әлемдік трендтер мен туындайтын қауіптердің алдын алудың инновациялық құралдары үлкен қызығушылық тудырады.

Экстремистік идеологияға сәтті қарсы тұрудың басты шарты тығыз ведомствоаралық өзара іс-қимыл және уәкілетті органдардың жүйелі жұмысы болып табылады.

Интерактивті сабақтар барысында қатысушылар нақты ситуациялық міндеттер мысалында терроризмге қарсы қызметті тиімді ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерін, соның ішінде жедел ақпарат көздерімен жұмыс істеу дағдыларын, сондай-ақ терроризм мен экстремизмнің жаһандық қауіптерін анықтау мен бағалауды зерттеді.

Басқарушылық құзыреттілікті арттыру үшін тыңдаушылар жобалық менеджментті қолдана отырып, маңызды қызметтік міндеттерді шешудің әртүрлі нұсқаларын модельдеді.

Тыңдаушылар алдында экстремизм мен терроризмге қарсы күрес саласындағы американдық сарапшылар таныстырылымдар жасады. Білім беру курсының әдістемелік негізі АҚШ құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың көпжылдық тәжірибесі, сондай-ақ әлем бойынша оқыту тренингтерін ұйымдастыру тәжірибесі болды.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі