Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні аясында Астанада «Адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық әріптестікті нығайту» атты екі күндік халықаралық конференция өтті.
Форумды Құқық қорғау органдары академиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (ЕҚБ БҰҰ), Winrock International іске асыратын АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон» жобасымен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің Есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау қызметі жөніндегі халықаралық мәселелер бюросымен (INL) бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Кездесуді аша отырып, Академия ректорының м.а. Калиолла Сейтенов адам саудасына қарсы күресті күшейту, ұлттық және халықаралық әріптестікті нығайту контекстінде форум өткізудің өзектілігін атап өтті.
Конференцияға қатысушылар қылмыс құрбандарын іздеу және анықтау тиімділігін арттыру, қанаудың әртүрлі нысандарынан аман қалған адамдарға көмек көрсету мақсатында өңірлік ынтымақтастық, мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Шекара, көші-қон және кеден қызметтерінің қылмыстардың алдын алу мен анықтаудағы, мемлекеттік шекарада жәбірленушілерді сәйкестендіру мен қайта бағыттаудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Адам саудасы фактілері бойынша істерді тергеуге байланысты ашылған қылмыстар мен қылмыстық статистикаға шолу жасалды.
Сондай-ақ халықаралық ұйымдар адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы елдерге ұсынатын қолдау түрлері қарастырылды. Атап айтқанда, бағдарламалар мен стратегияларды әзірлеуге жәрдемдесу, заңнамалық көмек, жәбірленушілерді қорғау және қолдау шаралары, мамандарды адам саудагерлерін ұстау, қудалау және соттау құралдарын тиімді пайдалануға үйрету.
Өткен форумның өзектілігін атап өтіп, ЕҚБ БҰҰ-ның Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ашита Миттал құқық қорғау органдарының тығыз халықаралық ынтымақтастығы мен өзара құқықтық көмекпен нығайтылған қылмыстық сот төрелігінің жауап шараларының маңыздылығын атап өтті.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі