Заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі халықаралық форум

Астанада қылмыстық кірістерді жылыстатуға және заңсыз активтерді қайтаруға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық форум жұмысын аяқтады.

Іс-шараны Құқық қорғау органдары академиясы шетелдік әріптестердің — БҰҰ-ның Орталық Азиядағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Өңірлік өкілдігінің және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен ТМД-ның базалық білім беру ұйымы мәртебесінде ұйымдастырды.

Форумға Бас прокуратураның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу агенттіктерінің өкілдері, сондай-ақ Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген құқық қорғаушылар мен судьялар, шетелдік және отандық сарапшылар қатысты.

Активтерді елге қайтаруды Мемлекет басшысы Қазақстанның құқық қорғау және мемлекеттік органдары қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Бұл жұмыс шет елдердің құзыретті органдарымен байыпты күш-жігер мен үйлестірілген іс-қимылды талап етеді.

Осы тұрғыда өткен форум маңызды оқиғаға айналды және аталған салада тиімді қарсы іс-қимыл жүйесін құруға бағытталған неғұрлым тығыз ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.


Кәсіби пікірталас заңсыз кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдың, қатарлас қаржылық тергеулер жүргізудің және ұрланған активтерді қайтарудың өзекті мәселелері төңірегінде өрбіді.

Қылмыстық кірістерді жылыстату істері бойынша тергеу-сот практикасының ерекшеліктері, сотта оларды заңдастыру белгілерін бағалаудың қиындығы қаралды.

Өңірлік және жаһандық деңгейде құзыретті органдардың өзара іс-қимылы аясында халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізудің, өзара құқықтық көмекті күшейтудің, ақпарат алмасу үшін бейресми желілерді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу, танылған мамандар мен сарапшылардың пікірлері мен ұстанымдары Достастық елдерінің фискалдық органдары арасында экономикалық қылмысқа қарсы күрес саласында жаңа өзекті білімдермен алмасуға мүмкіндік берді.

Форумның қорытынды ұсыныстарында тергеу практикасын жетілдіруге, қылмыстық кірістерді жылыстатуға, ұрланған активтерді қадағалауға және қайтаруға қарсы іс-қимыл бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған практикалық ұсыныстар көрсетілген.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі