Жасанды интеллект және үлкен деректердің өзекті мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бастамасымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен және Судьялар Одағымен бірлесіп «Жасанды интеллект және үлкен деректер (Big Data) сот және құқық қорғау жүйесінде: шындық және уақыт талабы»атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Оған Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев, Бас Прокурор Берік Асылов, Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Әзімова, ТМД елдері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің Атқарушы хатшысы Владимир Зимин, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар Кеңсесінің Басшысы Фробарт Фолькер, Парламент депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, жетекші қазақстандық,сондай-ақ Ресей Федерациясы, Беларусь және Өзбекстан заң университеттерінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар: жасанды интеллектті құқықтық реттеу мәселелері; заманауи сын-қатерлер жағдайындағы киберқауіпсіздік; сот және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектті қолдану мәселелері мен перспективалары сияқты мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибе алмасты.

Берік Асылов өзінің құттықтау сөзінде жасанды интеллектті пайдалануға әкелетін алғашқы қадамдарды Қазақстанның прокуратура органдары да жасап жатқанын атап өтті. IT-технологиялар белсенді енгізілуде. Цифрландыру прокурорлық қадағалаудың жеделдігін арттырып, оның құқық қорғау әлеуетін күшейтті. Прокурорлар күн сайын азаматтар мен бизнестің құқықтарын, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік салалардағы қоғамдық мүдделерді қорғауда ақылды шешімдерді қолданады.

Сонымен қатар осы іс-шара аясында Бас Прокурор ТМД елдері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің Атқарушы хатшысы Владимир Зиминмен кездесті.  

Тараптар ТМД елдерінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.


Атап айтқанда, экстремизм мен терроризмге, киберқылмыстарға, заңсыз көші-қонға, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударылды.

Оларды одан әрі талқылау ағымдағы жылы Бакуде (Әзірбайжан) ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында жалғастырылатын болады.